Ыбырай Алтынсарин
Следи за нами:
RSS

Ыбырай Алтынсарин

Өмірбаян

Ыбырай (Ибраһим) ( 2. 11.1841, Қостанай обл. Қостанай ауд.- 30. 7.1889, Қостанай)- ағартушы, педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Ыбырайдың әкесі ерте қайтыс болғандықтан, ол атасы Балғожа бидің тәрбиесінде өседі. Балқожа би немересін 1850 ж. Орынбор шекара комисссиясының осы қалада қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектебіне оқуға береді. Мұны бітірген Ыбырай Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаштық қызметіне ауысады. 1860 ж. Ыбырайға Орынбор обл. басқармасы Торғайда қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырады. Осыдан кейін Ыбырайдың ағартушылық- педагогикалық қызметі басталады. Мектеп 1864ж. 8 қаңтарда ашылып, оған 14 бала жазылды.

Алтынсарин мұғалімдік, ағартушылық қызметімен қатар басқа да қызметтер атқарды. 1868-74 ж. Орынбор ген-губернаторының арнайы тапсыруы бойынша төрт рет Торғайдың уездік судьясы, 1876-79 ж. Торғай уездік басқармасының аға жәрдемшісі болды. Орынбор обл. білім басқармасының инспекторлық қызметіне кіріскен кезден бастап (1879), зайырлық мектептер ашуды қолға алды. Ең алдымен ол обл. уез орталықтарында уч-щелер ашуға шешім қабылдады. Содан кейін Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін ашты, олардың бәрінде кітапханалар  ұйымдастыруға зор мән берді. Осыдан кейін болыстық бастауыш мектептер ашу ісін қолға алды. Алтынсариннің ұсынысы бойынша 1888ж. 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылды. Сонымен қатар Алтынсарин Ырғызда қазақ қыздары үшін жанында интернаты бар мектеп аштырды. Бұл қазақ халқының тарихында елеулі оқиға болды.

Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқытуды ана тілінде жүргізді. 1879ж. оның  «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітапта қазақ балаларын кириллица қарпі негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Ыбырай әлем әдебиетінен К.Ушинский, Л.Толстой, И.Крылов, И. Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Білім беру саласында үлкен табыстарға жеткен білікті педагогтар мен ғалымдарға 1983 жылдан бері Алтынсарин медалі беріліп келеді.

Алтынсарин Ыбырай (Ибраһім) [Мәтін]// Қазақстан әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2005.- 39-41 б.