Джек Лондон
Следи за нами:
RSS

Джек Лондон

Өмірбаян

 Лондон Джек (Джон Гриффит) (12.1.1876, АҚШ, Сан –Франциско қ.-22.11.1916, Сан –Франциско маңы, Глен-Эллен мекені)- америкалық жазушы. Өгей әкесінің қолында тәрбиеленген. Жас кезінде зауыт, фабрика, электр станцияларында түрлі жұмыстар істеген. Әдеби шығармалар жазумен 17 жасынан шұғылдана бастады. 1893 ж. «Сан-Франциско дауысы» газетінде тырнақалды туындысы «Жапон жағалауындағы тайфун» атты очеркі басылды. Сонан кейін көптеген әңгімелері,  повестері, романдары жарыққа шыға бастады.

«Қасқырдың баласы» (1900), «Оның әкесінің құдайы» (1901), «Аяздың балалары» (1902), т.б. жинақтарымен бірге «Қар қызы» (1903) романы, жануарлар туралы «Ақ азу» (1906,  қазақ тілінде 1938-48) повесі, «Жолда жүрген жолаушылар үшін» (1899, қазақ тілінде 1961), «Солтүстік жорығы» (1900, қазақ тілінде 1960), «Өмірге құштарлық» (1900, қазақ тілінде 1951), «Тыртық адам» (1900, қазақ тілінде 1960), «Мың дюжина» (1903, қазақ тілінде 1927-51), т.б. әңгіме, новеллалары жарыққа шықты.

«Темір өкше» (1912) романында жазушы сол кездегі қаржы және өнеркәсіп алпауыттарының әділетсіздігін сынға алса, жануарлар жайындағы шығармаларында адам мен табиғат және хайуанат дүниесі арасындағы күрделі байланыс жан-жақты суреттеледі.

Жазушы шығармашылығындағы биік белесі-« Мартин Иден» (1909, қазақ тілінде 1968) роман-биографиясында автордың өзіндік тұлғасы, қоғам мен қоршаған ортаны тануы, шығармашылық өнер жөніндегі ойлары көрініс тапқан. Бұлардан кейін «Айлы алқап» (1913), «Үлкен үйдің қожасы» (1916), т.б. шығармалары жарияланды.

Қазақ әдебиетінде Лондонның  «Телегей теңіз, аттаныс»  шығармасын 1926 ж. «Жаңа мектеп» журналына(4,5 сандары) алғашқылардың бірі болып аударып, жариялаған-Ж.Аймауытов. Кейіннен Лондон шығармаларын М.Әуезов, М.Дәулетбаев, Б.Омаров, т.б. қаламгерлер аударған. Әуезовтің «Көксерек» повесінен канадалық жазушы Эрнест Сетон- Томпсонның  «Винипег қасқыры мен Лондонның «Ақ азу» атты шығармаларының әсері байқалады. Мұның өзі қазақ көркемсөз өнерінің әлем әдебиетімен сабақтаса дамығанын көрсетеді. Лондон шығармалары бұрынғы Кеңестер Одағы аумағында көп аударылып, кең тараған.   

Лондон Джэк (Джон Грифит) [Мәтін]: Т.6.  Қ-Н // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия/ бас. ред. Б.Аяған.- Алматы: «Қазақстан энциклопедиясының» бас редакциясы, 2004.- 280 б.