Қабдеш Жұмаділов
Следи за нами:
RSS

Қабдеш Жұмаділов

Өмірбаян

Жұмаділов Қабдеш (24.4.36 ж. т., ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданы.)-Қазақстанның халық жазушысы( 1998). Шәуешек гимназиясын бітіріп, жолдамамен ҚазҰУ-не (1956) түседі.1958 ж. Қытай үкіметі органдары Жұмаділовті кері шақырып алады. Кейін 1962 ж. Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен Қазақстанға біржола оралған соң, ҚазҰУ-н бітіреді. (1965).

«Қазақ әдебиеті» газетінде (1965-67), «Жазушы» баспасында (1967-76), Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде (1976-81) қызмет істеген. 1981 жылдан шығармашылық жұмыста. Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан жергілікті баспасөз беттерінде, ал «Жамал» тырнақалды әңгімесі 1956 ж. Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланған. Жұмаділовтің бір өлеңдер жинағы, сегіз роман, бес повесть, ондаған әңгіме, мақалалар жинақтар жарық көрген. Олардың негізгілері «Қаздар қайтып барады» (1967) атты әңгімелер жинағы, «Көкейкесті» (1969), «Соңғы көш» (1974-81,), «Атамекен» (1985), «Тағдыр» (1988), романдары, «Соңғы көш» (1-кіт. 1974; 2-кіт. 1981) және «Дарабоз» (1-кіт. 1994; 2-кіт. 1996) дилогиялары. 

Жұмаділовтің соңғы жылдардағы көлемді шығармасы- «Таңғажайып дүние» (1998) ғұмырнамалық, «Қылкөпір» (2003) романдары. Жазушының  публицистикалық мақалалары «Қалың елім, қазағым» (2000) жинағында жарияланды. Жұмаділов шығармалары орыс, украин, белорусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде басылып шыққан. Негізгі еңбектері 2003-2004 ж. «Он екі томдық» шығармалар жинағына топтастырылған. Медальдармен, Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығы  (1983), Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы (1990) иегері.

Жұмадилов Қабдеш [Мәтін]// Қазақстан әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2005.- 229 б.